
ҒАЛЫМ АЙДАРХАНҰЛЫ ҚУАНЫШБАЕВ (18.09.1949) Саржал ауылында туған. Абай ауданының Құрметті азаматы (2009), жоғары санатты мұғалім. Еңбек жолын 1971 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданындағы Екпін орта мектебінде бастаған. 1976 жылы сол ауданның орталығындағы С.М. Киров атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлығына, 1982 жылы Баршатас селосындағы М.Әбеуов атындағы орта мектеп директорлығына тағайындалған. Ал 1990 жылдан Абай ауданы Қарауыл ауылының Абай атындағы орта мектептің директоры, кейіннен кешенді мектеп-лицей және мектеп-лицей директорлығын зейнеткерлікке шыққанға дейін абыроймен атқарды. Ғалым Айдарханұлы мектептегі білім беруді тәрбиемен ұштастыру, сонымен қатар ғылым-білім негіздерін тереңірек игеріп, ұлттық дәстүрлерді жаңғырта отырып тәрбие процесін толық қанды жүргізуге, оқу мен тәрбие процесін диагностикалауға ерекше көңіл бөлді. (Соның нәтижесінде 1995 жылы мектеп ұжымы облыстық байқауда «Жыл мектебі-1995» мәртебелі атағын жеңіп алды. 1996 жылы осы мектеп негізінде облыстық семинар өткізілді, 1997 жылы Халықаралық «Сорос-Қазақстан» грантының иегері болды, кейінірек республикалық ынталы мектептер ассоциациясының мүшесі атанды. Мектеп облыста ауыл мектептерінің ішінде интернет жүйесіне алғашқылардың бірі болып қосылды. Мектептегі жүйені жетілдіруге ерекше көңіл бөлді. Мектеп орта мектептен политехникалық пәндерді тереңдете оқытатын мектеп-лицейге айналды, өзін-өзі жартылай қаржыландыруға қол жеткізілді де мектеп бітіруші түлектер «ВС категориялы автомобиль жүргізушісі», ПЭВМ операторы, саз және көркем-өнер бөлімдері куәліктерімен бітіріп отырды. Мектептің талай шәкірттері республикалық, облыстық және аудандық пәндік олимпиада байқауларының жеңімпаздары болып жетістіктерге жетті. Ғалым Айдарханұлығылыми-педагогикалық, әдістемелік шығармашылықпен көп жұмыс істеген ұстаз. Оның мақалалары республикалық, облыстық баспасөз беттерінде талай рет жарияланды. Шығыс Қазақстан облыстық білім қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты «Химияда кейбір есептерді шығару жолдары» атты әдістемелік нұсқауын шығарып (2008) облысқа тәжірибесін таратты және осы институт қабырғасында химия пәні мұғалімдеріне талай дәріс оқыған.Ғалым Айдарханұлы тек мектеп басшысы емес, өзі сабақ беретін химия пәнінің білгір маманы. 2002 жылы химия пәні мұғалімдерінің облыстық байқауында Бас жүлде «Химия пәнінің ең үздік мұғалімі» атағын жеңіп алып, Қарағанды қаласында өткен Республика химия пәні мұғалімдерінің олимпиадасында жүлделі Ш орынға ие болып, Шығыс Қазақстан облысының намысын аброймен қорғады. Ғалым Айдарханұлы мектеп басқарумен ғана шектелмей, өзінің терең білім қабілетін: жарқырата көрсеткен ұстаз ретінде мектеп ұжымын да шығармашылыққа баули білді. Ғ.Қуанышбаев қоғамдық жұмыста да белсенділік танытқан маман. Ол Шұбартау ауданында аудандық және селолық Совет депутаты болса, Абай ауданында қызмет атқарған кезеңде төрт мәрте Абай аудандық маслихаттың депутаты болып сайланды. Депутаттың өкілеттігі кезінде саз, көркем-өнер, спорт мектептерін сақтап қалу үшін мектепті кешенді мектеп-лицейге айналдырып, кейіннен олардың өз алдына жеке-жеке мектеп болып қайта құрылуына зор еңбек сіңірді. Өзі депутат болған соңғы екі шақырылымында «Депутат өкілеттігі мен депутат этикасы, адам құқы, заңдылық, азаматтарды қабылдау және шағым-арыздармен жұмыс мәселесі» жөніндегі тұрақты комиссияяның төрағасы болды. Жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға қамқорлық жасап, тұрмысы төмен отбасыларына көмек ұйымдастыруда ұйытқы бола білді. Шығармашылық еңбегі бірнеше рет ҚР Білім және ғылым Министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төс белгісімен (1994), Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған мерекелік медалі (2001), «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен (2011), бірнеше рет облыс және аудан әкімдерінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Ж. Екібаев, Абай ауданының Құрметті азаматы