Майдан Мұқанов 1944 жылы Қарауылда туған.

Абай орта мектебін, Семейдің зат дайындау техникумын, Алматының мемлекеттік дене тәрбиесі және спорт институтын тәмәмдаған ұстаз-тәлімгер.
1967 ж. әскери міндетін өтеп қайтқан соң Абай орта мектебі дене тәрбиесінен мұғалім, балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, ерікті “Қайрат” спорт қоғамының төрағасы, аудандық тұтынушылар қоғамы төрағасының орынбасары, зат дайындау конторында жауапты міндеттер атқарған.
Бірнеше дүркін қала, облыс чемпионы, республикалық жарыстар жүлдегері, Түркістан әскери округінің, корпусының чемпионы болған боксшы Майдан КСРО спорт шебері.
Ол Асенов Ділмұрат, Мәкенов Мұрат, Қасенов Мұрат, Әлімбетов Ернар, Мейірханов Сатыбалды, Балуанғалиев Айдын, Мұқанов Ержан сияқты республикалық, бүкілодақтық жарыс жүлдегерлерін тәрбиелеген тәлімгер.
Мұқанов Майдан Қазақ ССР-нің ағарту ісінің озаты, бірнеше дүркін облыстық, республикалық дипломдармен марапатталған азамат.
Көлембай Әлімбеков
—— —— —— —— —— —— —— —— —— —— —— —— ——
Абай ауданының әкімдігі. Баспасөз орталығы. 26 қыркүйек 2023 жыл.
Абай ауданының спорт саласының дамуы мен өркендеуі жолында Майдан Мұқанов ағамыздың еңбегі орасан зор!

Аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойы аясында «Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің озық қызметкері», «Денешынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, «Абай ауданының Құрметті азаматы» Майдан Мұқановқа арналған ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өтті. Абай ауданының спорт саласының дамуы мен өркендеуі жолында Майдан Мұқанов ағамыздың еңбегі орасан зор!
Спорт мектебінің алғашқы директоры, Абай еліне бокс қолғабын тұңғыш әкелген спорт шебері Майдан Мұқановқа арналып «Шыңғыстау» спорт кешенінде қойылған тақта тасты ашу құрметі ардагер спортшы Төреханов Байболат пен меценат Құтжанов Шыңғысқа берілді.
Абай ауданының экономикасына, әлеуметтік дамуына «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өз үлесін қосып жүрген меценат Құтжановтар әулетін ерекше айтып кеткеніміз жөн. Құтжановтар әулетінің есімдері республикамызға кеңінен белгілі. Әулеттің айшықты істерін жалғастырған, әке жолын қуған Шыңғыс Медғатұлы осы «Шыңғыстау» спорт кешенін 2014 жылы салғызып, ұрпақ болашағына мәңгілік мұра қалдырды.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері, «Абай ауданының құрметті азаматы» Төлеген Жанғалиев ел атынан қазақи дәстүрмен Шыңғыс Медғатұлына шапан жауып, халықтың ризашылығын жеткізді.