Асылдың сынығы, ұлағатты ұстаз, абзал ана, асыл әже.

Мінәш (Мінәуәра) Әрхамқызы Ысқақова 9 мамыр 1926 жылы Абай ауданы Бақанас — Байқошқар өзенінің бойында Бақанас деген жерде Әрхам Кәкітайұлы мен Сақыпжамал Көрпебайқызының құтты шаңырағында дүниеге келген.
Дәл осы жерде әкесі Әрхам Мұхтар Әуезовтің көмегімен 60 үйлі кедейдің басын қосып артель құрған болатын.
1928 жылы Құнанбай әулеті қуғындалып, Әрхам да туысқан өзбек еліне кетіп, Ташкенттегі інісі Даниялдың жанында тұруға (бой тасалауға) мәжбүр болды. Мінәш апай да бастауыш класты өзбек тілінде оқиды.
1935 жылы әкесімен бірге Алматыға қайтып, № 12 қазақ мектебінде оқуын жалғастырады.
1937 жылы тағы дүрбелең басталып, Павлодар облысының Спартак деген жеріне әжесі Бибінің қолына барады. Сол жерде орта мектепті үздік аяқтап, сегіз бірдей оқытушысы Ұлы Отан соғысына аттанған “Жаңа ұйым» мектебіне мұғалім болып барады.
1942 жылы өзі оқыған Спартак орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі әрі қазақ тілінен дәріс береді.
Қызмет істей жүріп, алдымен педагогикалық училищені, кейіннен 1961- 1966 жж. педагогикалық институтты сырттай оқып бітіреді.
1942 жылдан 1987 жылға дейін 45 жыл үздіксіз ұстаздық қызмет атқарып қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Қарауылдағы 8 жылдық, Шыңғыстау орта мектептерінде директорлық қызмет атқарады.
1953 жылы Алматыда өткен мұғалімдер съезіне делегат болып, “Қазақ ССР-і оқу-ағарту ісінің озық қызметкері” құрметті атағына ие болды.
СССР, Қазақ ССР-і оқу министрліктерінің, облыстық, аудандық Советтердің Құрмет грамоталарымен марапатталып, бірнеше медальдармен наградталған.
Қазақ тілін оқытудың әдістері” жөнінде өз іс-тәжірибесін ортаға салған мақалалары “Қазақстан мектебі”, “Бастауыш мектеп журналдарында жарық көрді.
Семей, Алматы, Қызылорда, Шымкент қалаларында өткен ғылыми-практикалық конференцияларда арнайы баяндамалар жасады.
Абайдың 100, 125, 150-жылдық мерей тойлары қарсаңында «Абай ұрпақтары”, «Абай үлгі-өнегесі”, «Ертекші Баймағамбет”, «Қатпа, Шәукембай туралы”, «Құнанбай ұрпақтары”, «Кәкітай Құнанбаев”, «Әкем Әрхам туралы”, «Мұхтар Әуезов”, «Ортақ тұлға”, «Ұлының ұлылығы”, «Ағайынға наз”, «Ызғұтты” және т.б. өзінің ұлы бабаларына қатысты мақалаларды республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жариялап отырды.
Абай мұражайының ғылыми қорына Құнанбай, Абай, Кәкітай, Әрхам жөнінде, қазіргі көзі тірі туыстары жөнінде аса құнды естелік-деректер, әкесінің “Зағипа” атты поэмасын, біраз заттар тапсырды.
Радио, телевидение арқылы аталар мурасын насихаттап, арнайы хабарларға қатысып келеді.
Бүгін 75 жылдығы аталып отырған шежіре апамыз Мінәш Әрхамқызы мұражай қызметкерлерімен тығыз байланыста.
Арықбаева А.С. Ғылыми қор бөлімінің меңгерушісі