Өмірбекова Үміт

Абай атындағы мектептің 1975 жылғы түлектері атынан туысы Гүлжаухар Халелқызы Бозанбаева.

                      С А Ғ Ы Н Ы Ш
        «Өткен күнде белгі жоқ» дейді ғой, неге болмасын, бүгін, аяулы да құрметті ұстазымыз, анамыз болған Үміт Өмірбекқызының өмірден өткеніне жыл таяу қалғанда, ұстазымыздың жарқын бейнесін ой елегінен өткізіп отырмыз. Тамаша отбасының анасы, аяулы Бәтташ ағамыздың ордалы шаңырағының киесі болған, Ерлан-Шырын, Нұрлан-Сауле, Нұржан-Эльмира сияқты өнегелі, білімді,іскер жұптардың сүйікті аналары, немере-шөберелерінің қымбатты әжелері атанған Үміт мұғалімнің отбасындағы жолы мен өмірі- жеке-дара бір тарих!
         1955-1975 жылдар аралығында Абай елінде ұстаздық қызмет атқарып, зор беделге ие болған Үміт мұғалімімізді шәкірттері сағынышпен еске аламыз.
        Алдынан Абай елінің бетке ұстар азаматтары мен қыздары білім алып, қияға қанаттанып ұшқан, өмірде өз орындарын адаспай тапқан шәкірттері Үміт мұғалімді «менің ұстазым болған» деп мақтанышпен айтып, әрдайым жылы жүрекпен еске алатынына куәболып келеміз.Ғылымдар патшасы математиканы терең меңгерген ұстаз, осы бір қиын пәнді оқытуда, өзінің туа біткен ақжарқын, ашық мінезімен әр оқушыны баурап алып, 45 минуттық сабағын көңілді өткізетін. Сабаққа дайындықсыз келіп, не айтарын білмей отыратындардың өзіне қаталдық көрсетпей, асқан педагогикалық шеберлікпен математика ғылымын мойындатып: «Ол былай емес пе, түсіндің бе, түк те қиындығы жоқ, сенің қолыңнан келеді, келесі жолы сұраймын, дайындалып кел, жарай ма?» - деп нақтылап жататын дауысы әлі құлағымда. Сабағы өте жеңіл, көңілді өтетін. Мықты психолог болатын.
         Бүгінде білім саласында қойылып отырған басты міндеттердің бірі бәсекелестіріп оқыту әдісін Үміт мұғалім сол кезде-ақ өте ұтымды пайдаланып, үлкен шығармашылықпен жұмыс жасай білетін, тек «5»-ке оқитын үздіктерді бәйгеге қосқан жүйріктей жарыстырып, білім- дерін шыңдап, қамшылайтын, «мықты» дегендер өзара шауып, есепке жүйрік болды. Шаршамайтын, шаршаса да бір өзгермейтін, «сен» деп балаға қатты айтпайтын еді. Қайта мақтап, мадақтап, шәкірт беделін өсіріп отыратын. Журнал ұстап класқа жадырап кіріп келіп: «Қане, қалайсыңдар, дайынсыңдар ғой, иә?» - деп, жеңіл әзілімен 1-2 минутта класты ұйымдастырып жіберіп, сабақты бастап кететін. Сол кездегі мұғалімдер орындыққа отырмай, тік тұрып білім беріп, шаршағандарын білдіртпей, келесі сабағына жадырап, қуана кете баратын. Әр тақырыпты баланың меңгеруіне баса көңіл аударатын, бүгінгідей сан емес, сапа үшін еңбек ететін. Олар Үміт Өмірбекова, Нағима Құмарова, Сақтай Бигозин, Бағдаш Сақалова, Нұрпиза Омарханова, Нағила Шаңбаева, Нұржамал Қалиева, Рысқали Медеуова деп тізбектеліп кетеді. Еңбектеріңізге бас иеміз!
          Менің ата-анам, Бозанбаев Халел мен Медеуова Рысқали, Бәтташ ағаның отбасымен қатты араласып, сыйласты. «Біз Саржалдықпыз, Хафиз, Бәтташ, Қайырлы деген ағаларымды мақтан етемін, жеңгтелерім Камал, Үміт, Меңке бір төбе»,- деп жиі еске алып отыратын марқұм анам. «Үмітә Шұбартаудың қызы, дастарқаны ашық, кісі жатырқамайтын, адамгершілігі зор, жалпы, Шұбартаудың қыздары жақсы болады екен»,- деп Үмітә арқылы бүкіл Шұбартау өңірінің қыздарын жоғары бағалайтын.
          Бәтташ аға отбасымен біздің үйде бас қосып, дөңгелек жер - Үстелдің басында әр нәрселерді айтып, мәз-мейрам болып отыратын кездері көз алдымда. Оның үстіне екі үйдің балалары бір жылдары туып, бірге өсті. Ерлан ағам мен Ботай ағам, Нұрлан мен мен, Ернұр мен Қарлығаш, Нұржан мен Марат бауырым. Ата-аналарымыз шай деспей, сыйласып өтті өмірден. Үмітә мамамның турашыл мінезін жуып-шайып, еркелетіп жүретін, «біздің Рысқали» деп. Екі үйдің балалары тату-тәтті, бақытты -- балалық шақтарын өткізді.
         Нұрлан екеуіміз бір сыныпта оқыдық, Нұрлан оқу озаты, Үміт мұғалім балам деп бөлмей, Нұрланға талапты қатты қоятын. Есепке мықты Рая екеуіне ең қиын есептерді беріп, жарыстырып қоятын. Еңбегі еш кетпеді, сан шәкірті «Алтын белгі» иегері атанды, оның ішінде Ерлан ағам мен Нұрлан да бар. Бүгінде мемлекеттік тұғырда еңбек етіп жатқан, бірегей атанған Ерлан Бәтташұлы, Нұрлан Бәтташұлы, Нұржан Бәтташұлы сияқты айтулы азаматтарды дүниеге әкелген Үміт ұстазымыздың келбеті де, кісілігі де, жүзі де, күлкісі де, жылы сөзі де жүрегімізде мәңгі сақталады.
          85 жастық мерейтойында балалары Анасымен, Анасы балаларымен көркейіп, өнегелі өмір жолын өрнектеген ұрпақтарының қызығына тоймаған Үміт мұғалімнің қуанышты, бақытты сәті көз алдымда!
         Өмірінің барлық минут, сағатында елмен сыйласып, қамқор болған, «ана» деген ардақты атты биіктеткен, асыл жар қызметін Мінсіз атқарған, адал дос, аяулы ұстаз, көреген ене, мейірімді әже қала берді нағыз әйел атанған Үміт Өмірбекованы сағынамыз, еске аламыз.
         Ұстазымыздың өнегелі өмірі көпке үлгі. Жатқан жері жайлы, жаны жаннатта, топырағы торқа болсын.

         Ұлылар мекенінің ұрпағы Сыдықовтар әулетінің болашағы жарқын, алар асулары биік болып, шаңырақтары шаттыққа бөлене берсін!

Рейтинг
( 1 оценка, среднее 5 из 5 )