Кластасымыз Нәзигүл өз чатымызда «Аруақты батырлар» жүрекке жылу беретін бір естелікпен бөліскен соң, менің де жадымда бір оқиға жаңғырды.
Әкем айтып отыратын: баяғыда Семейдің орталық паркінде Қажымұхан орыс балуанымен белдесетін дейді. Күрес кезінде қазақтар жанұшырып: «Уа, Аруақ!» — деп рух беріп, дем салып тұрған екен. Соны Қажымұхан арқаланып, қарсыласын жерден жұлып алып, бір-ақ лақтырыпты. Сол сәтте орыстар: «Неговорите Аруак!» — деп шулап, қорқа бастайды екен.
Міне, осыдан-ақ біз кімге сыйынып, кімнен медет сұрағанымыз айқын аңғарылады.
Тамырымызда тектілік, жүрегімізде аруаққа деген сенім бар.
Рахмет, Нәзигүл! Естелігің арқылы ұлт рухын тағы бір мәрте сезіндік.
————————
Шәкір атамның сабағы
Чатта Әсияның жүрек тебірентерлік, үлкенді силау әсерлі видеосын көргеннен кейін, бала күнімнен қалған бір эпизод көз алдыма келді. Сол бір кезеңнің шуағы мен иісі қайта оралғандай болды.
Біздің үйге ақын Шәкір Әбенов атамыз жиі келетін. Әсіресе Құндыздыға жол жүрер алдында соғып, папаммен ұзақ әңгіме-дүкен құратын. Көбіне жайғасып, дастарханнан дәм татып, автобус қозғалар сәтке дейін бізбен болатын. Мені жанынан тастамайтын, «ештеңе ішпесең де, әңгіме тыңдасаң болды» дейтін. Сол сәттерде мен үлкен кісілердің терең, салмақты сөздерінен сыр тартып, өзімше рухани байып қалатынмын.
Шәкір атамды автобусқа шығарып салу – менің міндетім. Семейден Құндызды бағытына жүретін ПАЗик автобусына ертіп апарам. Автобус Семейден іші лық толы, оның жартысы Қарауылдан түскенімен алдыңғы орындар бос болмайтын. Алдыңғы қатарда жас келіншектер жайғасып алып, ұйықтағансып отырады. Атам болса, өзін сыйлата білетін кісі. Әлгі келіншектің бірін бас салып құшақтап алатын. Келіншек орнынан ұшып, артқы орынға тұра қашатын. Атам күліп қана: «Рахмет, отырғыздым де әкеңе», – деп жайғасып отырады.
Ол кезде үлкенді сыйлау – тек этика емес, өмірдің заңындай болатын. Сол бір кішкентай сәттерден өмірлік сабақ алушы едім.
Шәкір атам философиялық әңгімелерге үйір болатын. «Бытие определяет сознание» деген сөзін жиі айтып отыратын. Мұны К.Маркстан алғанын айтып, тереңірек талдап кететін. Бір жолы «Призрак бродит по Европе — призрак коммунизма» деген маркстік тіркестің соңынан:
— Оны Шәкәрім атамызша айтсақ: «Ол елес болса, неге оны асырып жібермеске?» — деп бір күлдіріп, бір ойландырып тастайтын.
Тағы бірде түрмеде бірге отырған бір орыс дәрігер жайлы әңгімесін айтып бергені есімде.
— Арақты тастай алмай, сол кісіден кеңес сұрадым. Ол «Кел, көреміз» деді. Барсам, тоңазытқышы толы тағам мен арақ. «Қалағаныңды ішіп-же, мен жұмысқа кеттім», – деді. Бірнеше күн осылай өтті. Ақыры сұрадым: «Қашан емдейсің?» — деп. Ол жай ғана жауап қатты: «Емі – өзіңді өзің тоқтататын күш жігер. Сол арқылы ғана арылуға болады». Осылай емделіп шықтым, – деп аяқтаған еді атам.
Міне, осындай қарапайым, бірақ терең өмірлік шындықтарды бала күнімде құлағыма сіңіріппін. Әсияның видеосы мені сол балалықтың мөлдір әлеміне қайта жетелеп, Шәкір атаммен өткізген алтын сәттерді сағынышпен еске түсірді.
————————————
Міне, өткен күннің бір үзігі, естеліктерге толы кезең – балалықтың, жастықтың шыңдары. Әсияның туған күн кешінде кластастар бас қосып, үлкен әңгіме дүкен құрдық. Әңгіме ауаны Рахымға ойысты. Сөйтсек, Рахым бізге келерден бұрын СПТУ-13-те біреулермен төбелесіп шығыпты. Ағасы «бұзылып кетпесін» деп, біздің қасымызға, яғни қауіпсіз жерге жіберген екен.
Сол сәттер Жәкеннің де есінде екен. «Училищеде төбелесті молдавандар бастады» деп айтып отыр. Сөйтіп, Орал мен Дәукіштің жекпе-жектері, біздің Манарбек пен Қалдағаевтың жекпе-жекке шыққандары айтылды. Артынша бүкіл класс ұлдары болып дүр көтерілгеніміз бар. Әңгіме қыза келе, мен өзімнің де бір жекпе-жегім есіне түсе ме деп сұрадым.
Жәкен сол бір сәтті былай деп еске алды: «Сол кезде сендерді класс болып жабыла кетеді-ау деп, Ернар Масалимов тоқтатып, “жекпе-жек” деп шешкен. Оған Рудольф та қосылды. Солай шешім шыққан соң, неміс баласы Веер Оттомен кездескен жерде сенің жекпе-жегің өтті. Ал Кенже марқұм сол сәтте сені жігерлендіріп, жанашырлықпен қолпаштап жүрген еді», – дейді. Иә, солай өстік қой… Қазір осыны айтсаң, ешкім сенбейді, куәгер кластастар болмаса.
Сол кеште Аманбекпен де сөйлесіп, көңілім орнына түскендей болды. «Иә, мен қарап жүрдім, жабылып кетпесін деп» деген бір ауыз сөзі – «кластас» деген атауды шын мәнінде биіктетіп жіберді.
Негізі, біздің балалық шағымызда ер балалар арасындағы кикілжің көбіне жекпе-жекпен шешілетін. Оның да өзіндік жазылмаған заңдары болатын. Жылайтын болсаң – жеңілгеніңді мойындағаның, темір не тас қолдану – ұят саналатын, ал жығылғанды тұрғызу – ердің ісі. Жекпе-жекке жабыла кету – бұл тәртіпке жат, бірақ ондай сәттер де кездесіп тұратын.
Қызығы, мектепте мұғалім дауыс көтерсе, көңілім босап, көзіме жас келетін. Бірақ төбелесте, қанша рет ұрынсақ та, бір рет те жыламаған екем. Бұл – балалықтың қайсарлығымен өрілген, жігер мен намыстың тоғысқан тұсы.
Осындай естеліктерді еске түсіріп, кластастармен бөліскеніме қуаныштымын. Өмір өткелдері көп, бірақ бірге өткен сол сәттер – жүректе мәңгілік.
——————
Диалог
Естелікке толы Айгүл екеуміздің шынайы диалогмыз. Бұл екеуара әңгіменің өрбуі өткен күндерді құрметпен еске алуға және марқұм жандарға тағзым етуге құрылған.
Еркін:
Телефон соғып, арнайы құттықтаған Аманбекке ризамын. Мектеп кезінде оның ағасы Абай совхозында ферма меңгерушісі еді. Бірде көмекке шақырып, біз – Аманбек, мен, Арзымбек пен Қалқаш – бәріміз демалыста 7 наурызда барып қондық, 8 наурызда жалғастырып жұмыс істедік. Қарсақпай деген шопанның қой қорасының қиын ойып, терезеден сыртқа шығарғанымыз әлі есімде.
Қарсақпай ақсақалдың әңгімесі – аңыздың өзі еді. Тыңдаған адамның құлағының құрышын қандыратын. Шаршағанымызды ұмыттырып жіберетіндей әсерлі еді. Осы бір естелік түгелімен Аманбектің де есінде екен, ұмытқан жерлерін өзі еске түсіріп толықтырды. Рахмет саған, Аманбек. Бұл менің бала күнімдегі туған күніммен тұспа-тұс келген, ешқашан ұмытылмас күн болған соң бөлісіп отырмын.
Айгүл:
Қарсақпай деген кісі Қарауылда тұрды ма? Ұлы Ғазиз марқұм болып кетті ғой, сол кісілер емес пе?
Еркін:
Иә, дәл сол марқұмдар. Жандары жаннатта болсын.
Айгүл:
Біз де ол кісіні Қарсақпай аға дейтінбіз Абайда тұрған кезде. Марқұм әкеммен бірге Семейдегі балалар үйінде тәрбиеленген екен. Әкемнен үш-төрт жас үлкен еді. Сол жерде әкеме қамқор болып жүрген дейді. Соғыстан кейін әкем Семейге қайта келгенде, Қарсақпай ағаны іздеп, сұрастырып жүріп Қарауылдан тапқан екен. Арзымбектің әкесі – Қарсақпай аға менің анама құда түсіп, үйлендірген ғой. Содан кейін біз өмірге келіппіз. Мұны әкем үнемі айтып отыратын. Өкінішке қарай, ол кісі небары 45 жасында дүниеден өтті…
Еркін:
Міне, нағыз еске алу деген – осы. Бір-біріміздің айтқанымызды толықтырып, өткеннің тізбегін жалғау. Аталған барша марқұм жандардың жандары жәннатта болсын. Олардың артында қалдырған ізі – осындай естеліктерімізде өмір сүре береді.
———————
Кластастарға естелік – алғашқы паспорт
Кластастар, шындықты айтамын деп жүріп, өзімнің бүкіл сырымды айтып қойған екенмін. Енді қалғанын да жасырмай, толығымен бөлісейін деп шештім.
Паспорт алатын сәт – бәріміз үшін ерекше кезең болды. Сол кезде біздің аудандық паспорт бөлімінің бастығы – Әлиясқаров Кәдір аға еді. Нағыз кісілік келбеті бар, ісіне адал жан болатын. Заң бойынша, паспорттағы деректер туу туралы куәліктегі мәліметке дәл сәйкес келуі керек. Әр құжатты өзі тексеріп, келесі бос паспортты солайша өзі беріп отыратын.
Менің туу туралы куәлігімде әкемнің аты – Дінәш (Дінсіләм) болмай шықты. Құжатты көргенде, төбемнен мұздай тас түскендей күй кештім. Бұл туралы ешкім білмесе екен деп, іштей ұйғарым жасап, өз құжатымды соңына қалдырдым. Бар ынтамды салып, барлық құжаттарды қатесіз толтырып шықтым. Осы арада орыс класынан екі оқушының паспортын бүлдіріп алғаны бар.
Кәдір аға менің ұқыптылығыма риза болып, ризашылығын білдіріп жатқан сәтті пайдаланып мен:
— Аға, мен паспортыма «Дінәшұлы» деп жазайыншы, – деп сұрадым.
Ол кісі басын шайқап:
— Ой, ой… Неге олар сені өз аттарына шығарып алмаған екен… Заң бар, болмайды ғой, – деп орнынан тұрып кетті. Сәлден соң қайта оралды да:
— Бірақ көмектесейін. «Әкесі» деген жерді бос — сызық, тире қалдырасың, бірақ әкеңмен ақылдас, – деді.
Үйге барып, әкеме жайлап айттым. Ол кісі ойланып отырды да:
— Өзің шеш, балам, – деді.
Сөйтіп, мен өз еркіммен: Мен – Дінәштің баласымын! – деп ойымда таңдау жасадым.
Өмір жолының алғашқы қадамдарын еске түсіріп көріңіздерші, достар. Әрқайсымыздың жүрегімізде алғашқы паспорт алған сәт – өмірге жаңа есік ашылғандай, болашаққа берілген жолдамадай сақталып қалды.
Сол маңызды құжатты өз қолыммен толтырғаным – мен үшін тағдырдың ерекше сыйы болды. Бұл тек жеке менің емес, барлығымыздың бірге өткерген балалық шағымыздың, қалыптасу жылдарымыздың, өмір жолына бірге аттанған ортақ сапарымыздың бір жарқын белгісі сияқты.
Алғашқы паспорт секілді, өмір жолымыз да — мәнді, мағыналы, қуанышқа толы болды және алдада сондай жарқын болсын дей келе алғашқы өмір жолында меніңде қол таңбам барын еске алу!
————————
Асық та аңыз, көкпар да – мұра!
Былтырғы 2024 жылғы Астана төрінде өткен 5-ші Халықаралық Көшпенділер ойынына сол бала күніміздің қимас сәттерімен байланысқан асық ату да енді. Сол уақытта жаңалықты ести сала, көз алдыма бала күнгі бір көрініс келген. Марқұм Мінәш мұғалім есіме түсті.
Бірде бастауыштың 4-сыныбында сабақ үстінде тоңып отыр едім. Мұғалім:
– Жамылуға кім не береді? – деп сұрады.
Мен орнымнан атып тұрып, костюмімді шешіп бердім. Мінәш мұғалім үстіне жамылып алып, жымиып отырды да:
– Батып тұр ғой, – деді. Сөйтті де қалталарынан толған асық, сақа және пугачты (ойыншық тапанша) шығарып, үстел үстіне қойып, бетін дәптермен жауып қойды.
Ішім қылп ете қалды. «Енді Еркін, сабақ оқымайсың, тек ойын ойнайсың» деп ұрсатын шығар деп ойладым. Бірақ жанымды ауыртқаны ол емес. Сол сәтте бір ғана ой келді – «енді бұл заттар менікі емес…»
Алайда мен үшін ең қымбат, жүрегімді тырнаған бір зат болды.
Кластастар, сол қандай зат деп ойлайсыздар? Естеріңізде ме? Ешкім есіне түсіре алмаса, өзім айтайын…
Иә, ол — сақа еді. Әлі күнге дейін соны сағынам. Асық ойнағанда ең сенімді, ең әділ шешімді сол сақа беретін. Жеңіс пен жеңілістің таразысы, балалықтың серігі еді.
Көшпенділер ойынына енген тағы бір ұлттық мақтанышымыз — көкпар. Осы көкпарға қатысты бір естелік есіме түсіп отыр.
Институтта оқып жүргенімде шымкенттік группалас досым — Әбдіжаппаров Нұғыман бір күні әкесінен келген хатты көрсетті. Хатта былай делінген екен:
«12 мың сомға көкпарға айғыр аламын. Балам, соған өзің түсесің, өзің таңда.»
Сол кезде мен:
– Бір жеңіл машинаның құнындай айғырды не істейсіңдер? – деп таңғалдым.
Сонда ол:
– Жаз бойы тойларда көкпар көп. Жүлдеге жеңіл көлік тігіледі. Бір жазда 2–3 машина ұтып аламыз, – деді.
Нұғыман бізді жиі Алматыдағы мейрамханаларға шақырып жүретін. Өзі сонда үйіндей еркін отыратын. Арқасы кең, жомарт, сал жігіт еді – көкпардың арқасы екен ғой!
Осы естеліктердің бәрі бір ғана шындықты айтады –
Ұлы Дала рухы — тірі!
Ұлы Дала ойындары — жасасын!
——
14 желтоқсан — Қабаның туған күні
Бүгін — Қабаның туған күні. Осы бір еске алуыммен құттықтадым. Қабадан тоғыз айдан аса үлкен болған соң ба, ол менің сөзімнен шықпайтын. Екеуміздің және Арзымбектің бала күнгі достығымыз әлі күнге дейін жадымда. Мектептен келе сала, үшеуміз винтовканы алып Қарауыл тауына тартып отыратынбыз. Қалталарымыз оққа толы, көздегеніміз – қоян. Бірақ қоян таппаған күндері Арзымбектің кожаный кепкасын мишень етіп, сол арқылы мергендігімізді сынайтынбыз. Қақ ортасын тесіп жіберіп, бөліп алушы едік. Біздің мергендігіміз ондықтың ортасынан шығатын. Бұл — сол мектеп өмірінің бір ғана үзігі…
Бірақ сол мылтықпен Қарауылға шығудың бір «екінші жағы» да болды. Бірде мен олардан бұрын келіп, шыдамай, винтовканы алып сыртқа шықтым. Дала жым-жырт, түскі ас кезі. Сол сәтте бір ит овощебазаның қорғаны жаққа қарай жүгірді. Мен мылтықты кезеп, атып жібердім. Ит аяғынан жараланып, қыңсылап қашып кетті. Артынан Қаба мен Арзынбек келіп, әдеттегіше Қарауылға тартып кеттік. Кешкісін жұмыс істеп келгендей шаршап-шалдығып үйге оралдық.
Үйге кірсем, апам ашулы. «Не бүлдіріп жүрсің? Мылтықты енді көрмейсің!» – деп винтовканы тығып тастады. Сөйтсем, көрші овощебазада жұмыс істейтін бір адамды атып ала жаздаппын. Ол жүрегі ауырып, әрең дегенде рабкооп конторасына жетіпті. Мектеп директорына барам деген жерінен апам әрең тоқтатыпты. «Енді бұлай істемейді!» – қатты ескерту жасаймын деп.
Ертесіне мектепке барсам, оқиға жалғасып жатыр. Парталасым Әсия шынтағымен түртіп:
– Менің мамамды атып ала жаздапсың. Оқ тура құлағының тұсынан өтіпті. Қазір директорды ертіп классқа келеді. Оқудан шығасың, қоштаса бер, – деді. Жүрегім тас төбеме шықты. Есіктен кім кірер екен деп жалтақтап отырдым.
Бірақ олар келмеді. Апамның сөзі өтімді болғаны шығар, әлгі кісі кешірім беріп, мылтықтың қарасын көрсетпейсің деген уәдесіне сенген болар.
Жылдар өте келе, бір күні Әсиядан сұрадым:
– Мамаң неше жасында өмірден өтті?
– Иә, 90-ға тақап – деді.
Сол сәтте көңілім тынышталды. «Демек, мен ол кісіге зиян келтірмеген екенмін» деген ой жүрегіме тыныштық ұялатты.
Марқұм Әсияның анасының және менің апамның жандары жәннатта болсын! Ондай аналар бізді өсіріп, өнегелі ұрпақ қылып тәрбиелеген алтын жандар еді.
———————
Қарашоқыға поход – балалықтың бал дәмі
Мектеп кезіндегі ең керемет сәттердің бірі – Қарашоқыға жасаған велосипедті походтарымыз еді. Сол кездегі достықтың, еркіндіктің, қуаныш пен шытырманға толы күндердің дәмі әлі таңдайдан кетпейді.
Бір сапарымыз таң ата Қарауылдан басталды. Сағат шамамен 7 мен 8-дың арасы. Артынып-тартынып жолға шыққанбыз. Қасымызда бірге жүрген кластастардан есімде қалғандары: Қасенбаев Салауат, Абланбаев Боран марқұм, Арзынбек, Қаба, Садуақасова Сәуле, Аманбек, Кенже марқұм және Гаухар, Айгүл, Әсия, Дәулет, Жәкен, Жұмағайша, Кенжегүл, Ляля, Майра, Нәзигүл, Рахым, Исатаева Сәуле, Рысжамал, Сепен, Саягүл марқұм, Мейрамгүл мен Фарида. Жолда Үйсімбай қорасы маңында аялдап, тынығып алдық. Сол жерде от жағып, тастан ошақ жасап едік. От әлсін жанбай, Салауат «әкемнен алған порох бар, соны салайын» деді. Кенет қолынан түсіп кеткен порох сауыты бұрқ ете қалғанда, бәріміз шошып қалдық. Салауат екі алақанымен бетін жауып жата қалды, мен жанында тұрған соң секіріп кеттім. От дүрс етіп жанғанда, ұсақ тастар шашырады. Салауаттың екі алақаны жараланып, қанап кетті. Менің де аяқтарым аздап жараланған-ды. Бірақ аман қалғанымызға қуанып, жарасын жуып, бинтпен таңып, әрі қарай жолға шықтық.
Қарашоқыға жеткен соң, доп ойнап, суға түсіп, түрлі ойындар ойнап, нағыз еркіндікпен тынықтық. Шайға өзен суын пайдаланып, тамақ пісіріп, кешкі оттың маңында отырған сәттеріміз де ерекше еді. Бір сапарда қонған ұлдар болып шықты. Сол түнгі Боранның айтқан бір сөзі ерекше есімде қалыпты: «Айға қарап ұйықтамаңдар, ауыздарың қисайып қалады!» – деп бәрімізді күлдірген болатын. Түнімен ұйықтамай әңгіме соқтық, тоңғаннан болар от костер жағып шықтық.
Аманбектің айтуынша, Қарашоқыға бірнеше рет барғанбыз. Бірде ағасы машинамен апарып тастаса, бір жолы қыздардың қонуға баратынын естіген шешелері жібермей қалған кездер де болыпты. Сепен сол түндердің бірінде костерге жақын отырып, аяқ киімінің ыстықтан тырысып қалғанын еске алып күлді. Ал Сепеннің тағы бір естен кетпейтін естелігі – велосипедке екі қыз мінгізіп барғаны. Алдында отырған – марқұм Айтмұхамбетова Саягүл. Саягүл дөңгелектің шабағына аяғын қыстырып алып, түгелі тоңқалаң асып кеткен. Сонда ешкім көз жасын көрсетпей, бәрі шыдап баққан – қандай мықты, қайсар жандар десеңізші!
Асия да Қарашоқыға жиі походқа шығатынын айтады. Бір жолы Нұржамал апай біліп қойып, қашқанымыз да есінде. Ләйлә да бірге болған екен. «Суға түсіп, тамақ пісіріп, шаршап-шалдығып қайтушы едік», – дейді ол. Асия да, Гаухар, Исатаева Сәуленіңде өз велосипедтерімен барғандарын, жолда өрге сүйреп шаршап жеткендерін еске алды. Бірақ соның бәрі – сол бал дәуреннің қызығы мен шыжығы.
Қайтар жолда бір қызды алдыма отырғызып қайтқаным да жадымда. Ондай сапарлар кейін де жалғасын тауып отырды – 1 мамыр, 9 мамыр күндері міндетті түрде шығатынбыз. Әр сапардың өз тарихы, өз күлкісі, өз сәті бар еді.
Енді міне, арада жылдар өтсе де, сол естеліктер жүректің ең жылы түкпірінен қайта бой көтеріп, жүзіңе еріксіз күлкі, көңіліңе сағыныш ұялатады. Бұрын жазып алмағанымыз өкініш болғанымен, енді осылайша бөлісіп отырғанымызға да шүкір. Балалық бал дәуреннің бейкүнә, таза ізі – жүректе мәңгі сақтаулы.
——————-
Қарашоқы естелігіне үн қосқан құрметті кластастарым!
Сіздердің жүрек жылытқан пікірлеріңізге мың алғыс! Осы бір естелікті бөліскенде, шын мәнінде әрқайсыңыздың жүрегіңізден шыққан сөздер мен үшін үлкен шабыт, мол қуаныш болды.
Жұмағайша:
– Еркін, Қарашоқыда түнегеніміз есімде жоқ 🤔 Сірә, ұлдар жеке бардыңдар ма екен?..
Гаухар:
– Керемет! Жүректі елжіретер естеліктер екен.
Нәзигүл:
– Еркін, әңгімеңе көп рахмет. Өзің атақты жазушылардан кем емессің. Походқа барған кезім көз алдыма келді. Тағы да жаз, қызыға оқып жүрмін.
Рысжамал:
– Керемет естеліктер! Поход, вечер, кино… не болса да кластан қалмауға тырысатынмын. Қарашоқыға бардым-ау деймін, бірақ қалай, кімдермен — ары қарай запись өшіп қалған сияқты 😄
Сәуле, Гаухар, Жұмағайша, Әсия, Нәзигүл, Рысжамал, Мейрамгүл, Фарида, Сепен, Жәкен, Аманбек, Қайнарбек, Дәулет, Қаба сынды алтын кластастарыма алғысым шексіз!
Сіздердің әр сөзіңіз – ескі естеліктің жаңғырығы, жүрекке жылу беретін шырақ.
Жақсы сөз – жарым ырыс дейді. Сіздер жақсы сөздеріңізбен өз өмірлеріңізді де, менің көңілімді де көркейттіңіздер.
Ал мен болсам… жұмбақ адаммын – оны да ойлай жүріңіздер 😉
Айтарым әлі көп, естеліктер жалғасады. Көңіл күмбірін бірге тербеп жүрейік!
————-
Ала жіпті аттамағандар
Ернардың еске алып, айтуымен жазылды. Ернар мен Айдар бала кездерінде Қарауылда қатты дауылға тап болады. Ауада жапырып соққан желдің екпіні соншалық, олар қорғанатын орын іздеп, ауыл ішіндегі ағаш көпірдің астына тығылады. Дауылдың ұйытқи соққан бір сәтінде аяқтарының астына кенеттен ұшып келген бір ақша — сол заманның өлшемімен 10 сом — алдарынан сырғып түседі.
Балалықтың аңғалдығымен қуанған екеуі бұл олжаны бөлісіп алмақ болады. «Бөліп алу үшін ұсақтату керек, жақын тұрған аптекаға барайық» дейді. Сол арада екеуі алдын ала не айтарын келісе салады. Аптекаға кіргенде:
— Мұғалім бізді жіберді, 10 сомды ұсақтатып әкеліңдер деді, — дейді олар, тапқырлықпен. Ал, Ернардың ағасы Досымхан ағаның жұбайы аптекарь Күмісжан апай болса оларды танып өз бауырларым деп, әкелерін еске алып жатты.
Ақша екіге бөлініп, әрқайсысына 5 сомнан тиеді. Бірақ қуанған сезім көпке созылмай, әлденеге іштері тырмысып, мазасыздана бастайды. Бұндай ірі ақшаны ұстап көрмеген қос бала, бұл ақша біреудікі шығар, қайтарып беруіміз керек деп шешеді.
Сол сәтте өздерінің класс жетекші мұғалімі Мінәш апайларына барып, болған жағдайды бүге-шүгесіне дейін айтып береді. Мұғалім мұны мектеп директоры Нағима Құмароваға жеткізеді. Ал Нағима апай болса, балалардың бұл адалдығына тәнті болып:
— Айдар мен Ернардың әкелері — Асхат пен Дінсіләм — қандай шыншыл, таза тәрбие берген десеңші! — деп сүйсінеді.
Бұл оқиға аудандық милиция бөліміне де жетеді. Сол сағатта мектепке милиционер Әміренов Мұқаш аға арнайы келіп, балалармен кездеседі.
— Мен сендердің ата-аналарыңызды жақсы білем. Сендер шыншылдықтың үлгісін көрсетіпсіңдер, жарайсыңдар! — деп, ақшаны алып кетеді.
Арада жылдар өтеді. Бір күні Ернар көшеде сол Мұқаш милиционермен қайта жолығып қалады.
— Әй, Дінсіләмнің баласы, тағы да ақша тауып алған жоқсың ба? Табыла қалса, тағы да бізге әкел, — деп әзілдейді ол.
Бұл оқиға Ернар мен Айдардың жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Себебі олар өз әкелерінің:
— Біреудің ала жібін аттама. Бір сом ақша түсіп жатса, иесіне көтеріп бер, — деген тәрбиесін бойларына сіңіріп өсті.
Уақыт өте келе Ернар мен Айдар — екеуі де ұзақ жылдар бойы қаржы саласында адал еңбек етіп, елдің құрметіне бөленген азаматтар атанды. Олар балалық шақтағы бір сынақтан өтіп, өмір бойына адалдықтың туын биік көтеріп жүрді.