Ұлыдан ұлағат
Өзім Семей облысы, Абай ауылының тумасы болғандықтан, бала кезімде мені ұлы ақынның тікелей ұрпақтары қайда екен деген сауал жиі мазалайтын. Өйткені Абай ауданы аумағында кемеңгер ойшылдың бірде-бір ұрпағы тұрмайды. Жидебайдағы ата мұражайындағы қызметкерлерден, үлкендерден, әке- шешемнен сұрасам, Абай ұрпақтары байдың тұқымы деп қуғын-сүргінге ұшырап, кейбірі сотталып, кейбірі еліміздің әр түкпіріне жан сауғалап кеткенін айтты. Кішкентайымыздан Абай атамызды пір тұтып өскен бізге ол кісінің ұрпақтарын көру арман еді. Туған жердің киесі болады демекші, Абай ауылының өзіндік дәстүрі, мектебі, тәрбиесі менмұндалап тұратын. Біз Қарауылдағы Абай атындағы орта мектептің табалдырығынан аттағаннан ұлы атамыздың өлеңдері мен әндері туралы жан-жақты мағлұматпен сусындап өстік. Бастауыш сыныптағы алғашқы мұғаліміміз, бізге білім кілтін ашқан ұстазымыз Бағдаш Сақалова «Сендер Абай елінің баласысыңдар, сондықтан ертең қайда барсаңдар да аталарың туралы сұрайтын болады, сондай да іркіліп қалмас үшін, осы бастан бабаларыңның өлеңдерін жатқа біліңдер» — деп үйрететін. Жоғарғы сыныптарға келгенде біз заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтен тәлім алған шәкірті Кәмен Оразалин ақсақалдың дәрістерін тыңдадық. Сабақ емес, дәріс деп әдейі айтып отырмын. Өйткені ұстазымыз Абай өмірі мен шығармашылығы және «Абай жолы» роман-эпопеясына қатысты деректерді, зерттеулерді жан-жақты талдап зердемізге құйды. Жоғарғы сыныптағы әдебиет сабағы тек Абай, Шәкерім, Мұхтар тақырыптарына арналатын. Мен ондай лекцияны Қазақ Мемлекеттік университетінде оқып жүргенде тыңдап, Кәмен мұғалімнің әр сабағы бір дәріске татығанын бағамдадым. Ұстазымыздың тағы бір керемет өзіндік әдістемесі болды. Кәмен ақсақал бізге мектепті бітіру емтиханын тек Абайдың өлеңдерінен тапсырасыңдар деп ескертіп, ақынның Жүз өлеңін жатқа білулерің керек деген талап қойды. Бұл бізге ғана емес, бұдан бұрынғы түлектерге де қойылып келген талап еді. Абай атындағы мектептің түлектері Кәмен мұғалімнің Абай жастары ақынның кем дегенде жүз өлеңін білуі тиіс деген келелі өсиетін еш ұмытпақ емес. Ұстаздың сол талабынынң арқасында біз ұлы ойшылдың өлеңдерін бойымызға сіңіріп өстік. Сабақ барысында Абай атамыздың бір өлеңін бірнеше сабақ бойы тәптіштеп талдаймыз да, мазмұн-мағынасын түсініп алған соң, жаттауға кірісеміз. Сонда өлең де тез жатталады. Келесі сабақта мұғалім барлығымыздан өлеңді сұрап жатуға уақыттың көп кететінін біліп, бірден «бүгін кім «бес» деген бағаны шаппай алғысы келіп отыр» деп сұрайды. Шаппай бес алу деген, өлеңді айтпай бес алу деген сөз. Ұстаз саған сенім артады, аванспен бес қояды. Бірақ сенімді қаншалықты ақтап жүргеніңді алдағы кез келген сабақта тексеріп көреді. Өтірік қол көтерген болсаң, бесіңнің күл-талқанын шығарып, екі екіні бір-ақ қояды. Сондықтан өзіңе сенімді болсаң ғана шаппай бес аламын деп қол көтересің. Қол көтергендердің аты жөндерін атап тұрып, журналға бесті аямай қояды. Бір-екеуін сабақ барысында да тұрғызып, өлеңді жатқа айтқызады. Кәмен мұғалімнің өлеңді сұрауы да қызық. «Күн ыстық жаз, жан-жағың шалғын бәйшешек, сол жерді айтып жіберші» — дейді. Сол кезде «Жазды күн шілде болғанда, көкорай шалғын бәйшешек, ұзарып өсіп толғанда» — деп жалғап кетуің керек. Ұстазымыздың осынау ғаламат әдістемесі Абай атындағы орта мектептің барлық сол кездегі түлектеріне өмірлік тағылым тәрбие болды. Кезінде Кәмен мұғалім ҚазМу-дың филология факультетін бітіріп, қызметтік жолын таңдар тұста, ұстазы Мұхтар Әуезовтен ақыл-кеңес сұрапты. Сонда ұлы Мұқаң «Абай ауылында келген, кеткен адамдарға елдің, жердің тарихын, Абай өмірі мен шығармашылығы туралы кең мағлұмат беретін сендей білімді азамат болуы керек. Жас жеткіншектерге Абай мұрасының нәрін себе алатын сендей жанашыр ұстаз да керек. Сондыктан ойланбастан ауылға тарт» деген екен. Ұлы ұстазының аманатына Кәмен мұғалім өмір бойы адал болды. Мұқаң өмірден өткеннен кейін «Мұхтардан соң» романын жазуға кірісті. Кейіннен оны толықтай жазып шықты. Кәмен Оразалин елу жылдан аса уақыт бойы ұстаздық қызмет атқарды. Мектепте оқып жүрген кезімізде біздің білім айдынындағы қадамдарымызды қолдап-тереңдете түскен Дәмегүл Даукенбаева, Торғай Нұрғалиева, Қозыхан Изатов, Нысанбек Омашев, Нағима Шаңбаева, Шолпан Тайтөлеуова сынды білікті ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Абай ауылы мектебінің тағы бір ерекшелігі балаларды білім мен бірге өнерге де қоса тәрбиелейтін. Мектебіміздің жанынан «Қаламқас» аудандық ән-би ансамблінің: режиссеры, талантты өнер майталманы Болат Баймұратов ағамыз балалардың театр студиясын құрды. Осы студияның белсенді мүшесі болғанмен он жастағы бала кезімде театр өнерінің алғашқы баспалдақтарымен танысып үлгердім. Сахнаға шығып өнер көрсетудің не екендігін сезіндім. Болат ағамыз рөлде ойнау, қойылымды дайындау, сахнаны көркемдеу, музыкамен әрлеу, тіпті грим жасауды да бізге тәптіштеп үйрете алды. Тарихи ұқсастықты қараңызшы, Мұхтар Әуезов Абай ауылында дала театрын құрып, тұңғыш рет Еңлік-Кебек қойылымын сахналаса, еліміз бойынша тұңғыш балалардың театр студиясы да осы жерде ашылды. Абай ауданының сол тұстағы басшысы Хафиз Матаев ағамыз ұлы тұлғалар мекенінің дамуына айрықша үлес қосқан қайраткер болды. Өресі биік зиялы азамат тек аудан экономикасын көтеріп қана қоймай, Абай, Шәкерім, Мұхтар дүниеге келген өлкені рухани, мәдени орталыққа айналдыра алды. Жыл сайын өтетін аудан еңбеккерлерінің жұмысы қорытындыланатын төл тойына және түрлі мерейтойларға белгілі жазушылар мен ғалымдар, өнер адамдары мен қайраткерлер көп келетін. Хафиз аға киелі мекеннің өзіндік ерекшелігін көрсету мақсатында жергілікті Төлеген Жанғалиев, Әнуарбек Мәкенов сынды ақындарға қонақтарға арнап өлең шығартатын да, оларды меймандар келгенде балаларға жатқа айтқызатын игі дәстүрді қалыптастырды. Осындай тақпақ айтқыш он баланың бірі мен болдым. Аудандық мәдениет үйінде өтіп жатқан жиынның ортасында Хафиз Матаев қонақтарды бір серпілтіп алу үшін, бүгінгі Абай ата ұрпақтары сіздерге өлеңдерін арнайды деп бізді балаларды кошеметпен шақырады. Үлкен залдың бос жерлеріне қолдарына гүл ұстаған бір топ бала кіреді, сахнаның екі жағына бес баладан тұрамызда тақпағымызды аңыратамыз. Көбіне әзіл-сықаққа құрылатын өлеңдерді қонақтар мәз-мейрәм болып тыңдайтын. Осыдан-ақ байқаған шығарсыздар, менің Абай ауылында туып-өскенім журналистік мамандықты таңдауыма да тікелей әсер етті. Оныншы сыныпты оқып жүрген кезімде өміріме күрт өзгеріс әкелген оқиға болды. Алматыда қазақ тілі мен әдебиетінен тұңғыш республикалық олимпиада өтті. Соған ауданнан іріктеліп, облыстық команданың құрамына ендім. Бір жұма өткен білім додасы екі турдан тұрды. Бірінші турда шығарма жаздық. Екінші турда қазақ әдебиеті мен қазақ тілінен ауызша емтихан тапсырдық. Міне, осы ауызша байқау маған сәтті болды. Абай ауылының баласы болғандықтан, атамыздың аруағы жар болып, қолдаған шығар, мен алған билетте бірінші сұрақ «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың образы деп келсе, екінші сұрақта Абайдың «Ғылым таппай мақтан ба» өлеңін талдап, жатқа айт депті. Алла сәтін салған шығар, ұстаздарымның барлық оқытып үйреткендерін жайып салдым. Әділ қазылар алқасында отырған барлық доктор, академик аға-апаларымыз риза болды. Сөз арасында өзімнің Абай ауылынан екендігімді де айта кеттім, оны естіген соң тіпті марқайған ғалымдарымыз Абай атамыздың бірнеше өлеңін жатқа айтқызды. Нәтижесінде мен екінші турда ең жоғары балл жинаған оқушы атандым, жалпы олимпиада қорытындысы бойынша, жеңімпаздар қатарына кіріп, Қаз Му-дың арнайы дипломы мен сыйлығына ие болдым. Сол кездегі Қаз Му-дың ректоры маған дипломмен сыйлықты беріп тұрып, бұл бала біздің болашақ студентіміз деп есептеңіздер деген игі тілегін айтты. Періште әумин деген шығар, мен шыныменде белгілі жазушы ғалым, Тұрсын Жұртбай мен журналистика ғылымының академигі Намазалы Омашев сынды ағаларымыздың қолдауымен сол| жылы осы унинерентеттің журналистика факультетінің сыртқы бөлімінің студенті атандым. Студент бола жүріп, Қазақ Радиосының ақпарат редакциясына тілшілік қызмет те атқардым. Қара шаңырақта жұмыс істей жүріп, Руслана Құдайбергенова, Қуаныш Орманов, Үмітжан Балтаева, Жолымбет Кейкелев, Омархан Қалмырзаев, Сауық Жақанова, Қайрат Мұсақұлов сынды жоғары деңгейлі кәсіби мамандардан радиожурналистиканың қыр-сырын жан-жақты меңгердім. «Хан тәңірі» ақпараттық бағдарламасын жүргізіп жүріп, Абай атамыздын жүз елу жылдық мерейтойына орай, «Ұлы Абай мақтанышы халқымның» атты авторлық циклды хабар аштым. Міне, осы хабардың кезекті санын дайындау барысында Қыздар педагогикалық институтында өткен кездесуде Абай атамыздың тікелей ұрпақтарымен алғашқы рет кездестім. Ақынның ұлы Мағауияның Жағыпар деген баласының қызы Ғазел апа студенттер мен ұстаздардың сауалдарына жауап берді. Кейбір сұрақтарға ойшылдың өлеңдерімен жауап қатты, көбінесе Абай ұрпақтары туралы мол мағлұмат жеткізді. Шыныменде кеңес үкіметі байдың тұқымдары деп Құнанбай әулетінен шыққан адамдарды аямай қуғынға ұшыратқан. Абайдың ұлы Тұрағұл мен інісі Шәкерім мен балалары Алашорда партиясына қатысы бар деп қуғындалған. Шәкерімнің ұлдары Қытай жаққа да кеткен. Көпшілігі жер ауып барған өңірлерде қалып — қойған. Оннан аса Абай ұрпақтары екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, оралмаған. Соғыстан кейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы жарыққа шыққаннан соң ғана, ақын | ұрпақтарына қатысты көзқарас түзеледі. Мұқаңның өзі оларды — іздестіріп, маңына топтастыра білген. Абай атамыздың бауырында өскен Мағауияның қызы Уасиланы Алматыға алдыртады. Ақын осы немересін дүниеге келген сәттен тымағына салып алып, әлдилеп, ерекше ілтипатпен жақсы көріпті. Жазушы — ол кісіден ұлы ойшылдың түр-тұлғасы, мінезі, ең соңында тіпті қандай асты жақсы көргеніне дейін тәптіштеп сұрап отырады екен. Уасила апа Мұхтар Әуезовтің романды жазу кезіндегі — кеңесшісі болған. Апамыз ісмер, тігінші болғандықтан, опера және балет театрында декарация жасайтын маман ретінде де жұмыс істеген. Мұхтар Омарханұлы Абайдың еркек кіндіктен қалған тікелей ұрпағы Ақылбайдың ұлы Бағфур ағаны жанына тартып, өте жақын араласқан. Бағфур аға Алматы маңындағы КНИЖ-да тұрған. Мұқаң өзінің достарымен, меймандарымен сол кісінің үйіне жиі келеді екен. Айтулы қаламгер Ғазел апаға да қолдау көрсетіп, қызы Ләйлә мен бірге еркелетіп өсірген. Арнайы Абай атындағы стипендия тағайындатып, оны үздік студент Ғазел Мағауинаға бергізеді. Ғазел апа университетті бітірген соң, кино саласының қосымша оқуын да тәмамдап, сол салаға бейімделеді. Көп жылдар бойы режиссердың көмекшісі қызметін атқарады. Әйгілі «Қыз Жібек» фильмін түсірер кезде еліміз бойынша кастинг жарияланып, басты рольге лайық қызды табу оңайға соқпайды. Фильмнін режиссері Сұлтан Қожықов, бас кеңесшісі Ғабит Мүсірепов, музыкамен әрлеуші Нұрғиса Тілендиев және тағы басқа көркемдік кеңестің мүшелеріне таңдалған қыздар онша ұнай қоймапты. Сол кезде амалы таусылған режиссердың көмекшісі Ғазел Жағыпарқызы Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттері мен мектептердің жоғары сынып оқушыларының арасынан үміткерді іздеуге кіріскен. Сөйтіп жүріп, оныншы сыныптың оқушысы Меруерт Өтекешеваны тауып, ағаларының алдына әкеледі. Барлық көркемдік кеңес мүшелері бірауыздан қолдайды. Тек Меруерттің қазақшасы шорқақтау болыпты. Дегенмен қазақша үйренем деген өжеттігінің арқасында таңдалады. Бұдан кейін Ғазел Мағауина «Қазақфильм» киностудиясында Шәкен Айманов мұражайын құруға атсалысып, меңгерушісі атанады. Оған қажырлы еңбектің арқасында әйгілі режиссердың қолданған заттары мен бұйымдары қойылады. Тіпті хобби заттары да табылады. Апа осы қызметті өмірінің соңғы күндеріне дейін атқарып кетті.
Мен Қыз ПИ -дегі кездесуден кейін Абай атамыздың шөбересі Ғазел Жағыпарқызымен етене араласып кеттім. Ол кісі біздің сүйікті әжемізге айналды. Менің үйлену тойыма ауылға барып, ақ батасын берді. Дүниеге келген тұңғышымыздың атын Нәркес деп өзі қойды. Оның шілдехана, тұсаукесу, балабақшаға, мектепке бару тойларының бәрін өзі атқарысты. Томирис атты екінші қызым мен ұлым Аттиланы да өз немересіндей бауырына басты. Жұбайым Жанарды келініндей көрді. Әке-шешеммен жақын туыстарындай силасты. Ғазел апа: «Еркінді анасы Аймангүл құрсағымен тапса, менің Абай атамның арқасында құшағымнан тапқан балам деп» тілеуімді тілеп өтті. Осы арада тағы бір анам айтқан әңгіме есіме түсіп кетті. Әкем мен шешем шаңырақ көтеріп, отбасы құрған алғашқы жылдары өмірге келген үлкен қыздары шетінеп кетеді. Содан араға біраз уақыт салып анам бала көтермепті. Сол кезде әжем Жұмабала балашағасымен қазіргі Жидебайдағы Абай ата мұражайы тұрған қыстаудың төргі екі бөлмесінде тұрыпты. Анам күнде Алладан бала бер деп тілеп, Абай атамның құдығынан су ішеді екен. Сөйтіп жүргенде мен дүниеге келіппін. Кейіннен, анашым Абай атамнан тілеп алған құлыным деп еміреніп отыратын. Өсе келе, тағы бір байқағаным, әр жазда демалысқа ауылға келген кезде Жидебайдағы мұражайға кіргенде анашым ол жерге алғашқы рет келіп тұрғандай тілеу тілеп, шүкіршілік етіп, тәубасын айтып, атамыздың аруағына арнап дұғалар оқып, күбірлеп, іштей сыйынумен болатын. Жаратқанның құдіретін көрмейсіз бе, қаншама жылдан кейін мені жолдасы қан қысымынан елу жасында қайтыс болған, бала-шағасы жоқ, жетпіс жастағы Абай атаның тікелей ұрпағымен кездестірді. Асылдың сынығымен кездестірген тағдырыма ризамын, Ғазел апамызды өзімізде, кішкентайларымыз да алтын әжеміз деп әлпештедік, Мен жұмыс барысымен екі мыңыншы жылы Астанаға ауыстым. Ол кісі елордаға бірнеше рет келіп кетті. Екі мың сегізінші жылы Ғазел апаның сексен жылдық мерейтойын жасадық. Осы той кезінде апа өмір бойы сыйласып өткен дос-жарандарын, туыстарын, абайтанушыларды, ақын-жазушыларды шақырып қуанышымен бөлісті. Сол тойда апатайымыз: «Мен өмірімде екі Мұхтар атты адамнан ерекше жақсылық көрген адаммын. Біріншісі әйгілі Мұхтар Әуезов, маған айрықша көмек көрсетіп, Абай стипендиясын тағайындатты. Екіншісі бүгінгі заманның Атымтай Жомарты атанған, билік басында жүрген белгілі қайраткер, бауырым Мұхтар Құл-Мұхаммед. Бұл азамат Абай атаның ұрпағы деп бізге Ишағы екеумізге өз қалтасынан арнайы зейнетақы тағайындап берді. Оларға өмір бойы алғысымды айтып өтемін» — деді.
Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын демекші, кезінде «Абай» энциклопедиясын шығарып, кәсіпкер баспагер ретінде танылып,бүгінде ұлт қайраткеріне айналған Мұхтар ағамыздың ешкімге жария етпей-ақ ұлы ақын ұрпақтарын өз қамқорлығына алғандығы нағыз азаматтығы деп ұқтық. Ғазел апа былтыр өмірден өтті. Әжеміз әрдайым есімізде, ақ адал пейілін еш ұмытпақ емеспіз. Абай атамыздың ортамызда жүрген ұрпақтары туралы мағлұмат бере кетсем, Алматыда Мағауияның ұлы Жағыпардың қызы Ишағы апамыз бар. Ақтауда Ақылбайдың ұлы Бағфурдың Айдар деген ұлы отбасымен тұрады. Айдар ағаның жалғыз ұлы Данияр. Даниярдың үш қызы бар. Ол Санк-Петербургтің жоғары оқу орынын оксанолог мамандығы бойынша бітірген. Қазір жеке кәсіпкер. Оның отбасымен Алматыға келіп, жұмыс істеп жүргенін білген Ғазел апа, атамыздың тікелей ұрпағы баспанасыз жүрмесін деп, барлық жақын араласатын адамдарымен ақылдасып, өзі тұрып жатқан үйге Даниярды көшіріп алды. Қазір ол отбасымен Алматыдағы Ғазел апамыздың үйінде тұрып жатыр. Жаратқан иеміз қолдап, қара шаңырақта Абай атамыздың бірден-бір тікелей ұрпағы Даниярдың отбасында ұл бала дүниеге келуін тілейміз. Қазақты әлемге танытқан ұлы ойшылымыздың өз ұрпағының сабақтастығы үзілмеуі ұлтымызға абырой.
Еркін Байғабылұлы.
ЯДРОЛЫҚ ЗҰЛМАТ …269-277 беттер. “Қазығұрт” баспасы, 2012 ж.