Байырбеков Ұлықбек (1915-1999 жж.) Абай ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы оқу ағарту ісінің озық қызметкері, соғыс, еңбек ардагері.

Ұлықбек Байырбеков Арқатта туып-өскен. 1929-34 жылдары Қарауылдағы мектеп- интернатта шаруа-жастар мектебін аяқтайды. 1934-36 жылдары Семейдегі мұғалімдер институтын бітіріп, Саржалда мұғалім, мектеп директоры, одан Қарауыл орта мектебіне ауысады. 1941-42 жж. аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1942-44 жж. Курск иініндегі ұрыстарға қатысып, ауыр жараланып, контузия алып қайтады.
1944-48 жж. аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Абай атындағы орта мектеп мұғалімі болып өмірінің алпыс жылын ұстаздыққа арнаған Ұлықбек Байырбеков қазақтық тоғызқұмалақ ойыны мен ат өнерінің асқан шебері еді. Ол кісінің иелігіндегі Кері ат 1945 ж. ұлы Абайдың жүз жылдық тойында 45 км бәйгеден бірінші болып келген.
Ұлы Абайдың 150 ж.-да бәйгеге қосқан үш атының екеуі ғасыр бәйгесінде жүлделі орындарға ие болды.
Ұқаң ашқан тоғызқұмалақ мектебінің түлектері бұл күнде республикалық турнирлерде жүлдегер бола бастады.
Советтер Одағының Азиялық бөлігінің жер-су сипаттамасының екі томдық жинағына көп анықтама дерек берген Ұлықбек Байырбеков 1966 ж. СССР География қоғамы филология секторының корреспондент-мүшесі болып қабылданған. Абай ауданының тарихын өте жақсы білетін Ұқаң “Мамай батыр” кітабын жазып, “Сағындым туған елімді” атты кітапты шығарушы болған қаламгер. Ұқаңның өмірі, ұлағатты ісі халық ақыны Қалихан Алтынбаевтың “Өнегелі өмір” атты дастанына арқау болған. Онда:
Батыр боп алтын жұлдыз тақпаса да,
Шопан боп отарлы қой бақпаса да,
Иесі махаббатты мамандықтың,
Тұрарлық қалай жырлап, мақтаса да.
Ұстаз боп елу жылдай тәлім берген,
Атағы облысқа мәлім келген.
Бүгінгі сан инженер, талай ғалым
Шәкірті осы Ұқаңның алдын көрген…
…Өзіне бала жастан біткен өнер —
Жаратып сан бәйгеге ат баптайды.
Тағы да табиғаттың жанашыры,
Жердің көркін күзетіп қас қақпайды.
Сол үшін күні-түні атқа мінген,
Шып-ширақ, ұқсамайды қартқа мүлдем.
Қаттаулы кеудесінде мол қазына,
Тарихын осы өлкенің жатқа білген…
…Жаңаны, ескіні де насихаттар,
Өмірге керек әлі мұндай қарттар.
Баршаға Абай болу міндет емес,
Адам бол, ақкөңіл бол дейтін шарт бар.
Емендер иілмейді, сынса сынар,
Адам түгіл қия тас бір күн құлар.
Әйтсе де Ұқаң сынды шежіре қарт
Өмірден өз үлесін алып тынар.
Маған салса Ұқаңа ғасыр берсін,
Батыр баба Мамайдың жасын берсін.
Осындай талай ұлға кіндік кескен
Шыңғыс-ай, сен не деген асыл жерсің!- деп толғайды Абыз ақын.
Мейрамбек Жанболатұлы